«Саяси тұтқындар» мен «Қанды Қаңтар». «Араша» комитеті жұмысын қайта жандандырды

«Араша» қоғамдық комитеті өз жұмысын қайтадан жандандырмақ


10/08/2022
15:40 29975 0

2012 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрылған «Араша» қоғамдық комитеті өз жұмысын қайтадан жандандырмақ.  Құқық қорғаушы Евгений Жовтис, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, тарихшы Марат Сембі және журналист Әсем Жәпішева Алматыда Қанды Қаңтардан кейін қамауға алынған саяси белсенділерді босатуды талап етті. 

 

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис комитет саяси тұтқындар және Қаңтар оқиғасының қатысушыларына құқықтық, ақпараттық, заңдық қолдау білдіру бойынша екі бағытта жұмыс істейтінін айтты. 

 

– Комитет екі бағыт бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, саяси тұтқындар мәселесі. Қаңтар оқиғасынан кейін әртүрлі аймақта ондаған іс қаралып жатыр. Олардың саны өсуде. Кейбір аймақтарда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген желеумен адамдар сотталып кетті. Олардың басым көпшілігін біз «саяси тұтқын» деп қараймыз. Саяси тұтқындар қатарына біз «ұлтараздықты қоздыру», «тыйым салынған ұйым ісіне араласу», «көпекөрнеу жалған ақпарат тарату», «билік өкіліне тіл тигізу», «тұңғыш президенттің, президенттің, парламент депутатының ар-ұжданына нұқсан келтіру», «терроризмді насихаттау», «жаппай тәртіпсіздікке қатысу» баптары бойынша істі болғандарды жатқызамыз. «Жаппай тәртіпсіздікке қатысу» бабы Жаңаөзен оқиғасы кезінде де қолданылған. Бұл шын мәнінде бұл баптар бойынша қылмыс жасалмайды деген сөз емес. Бірақ, біздің ойымызша, бұл баптарды пайдаланудың саяси астары бар. Оны дәлелдеу қиын емес. Сол себепті «саяси тұтқындарды» анықтайтын комитет жұмыс істеуде. Екіншісі, Қаңтар оқиғасы бойынша жұмыс істеп жатқан азаматтарға көмектесу. Құжаттандыру, азаптау істері бойынша көмек көрсету, тегін адвокат тауып беру т.б, – деді Жовтис. 

 

Қазақстан билігі мен Әділет министрлігі «елде саяси тұтқындар жоқ» дейді. Бірақ жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары қамауда отырған 20-дан астам адамды «саяси тұтқын» деп таныған және Ақорданы оларды босатуға шақырған. Осы уақытқа дейін Қазақстан билігі құқық қорғау ұйымдарының бұл үндеуіне ресми жауап бермей келеді.  

 

Евгений Жовтис Кеңес одағы кезінде де заң бойынша елде саяси репрессия болған жоқ дейді. Оның сөзінше, заңда бұл терминнің болмауы репрессия жүрген жоқ дегенді білдірмейді. 

 

– Әділет министрлігі «бізде саяси тұтқындар жоқ» дейді. Олардың сөзінше, біріншіден, бұлардың барлығы қатардағы қылмыскерлер. Екіншіден, заңда ондай термин жоқ. Дәл осы жерде менің есіме Кеңес Одағының заңнамасы түседі. Ол жерде де саяси репрессия термині болмаған. Бірақ терминнің жоқтығы репрессия болмады дегенді білдірмейді. Саяси репрессияға ұшыраған адамдардың барлығы саяси тұтқын деп аталады. Олар саяси себептермен бас бостандығынан айырылды, кейбірі қайтыс болды. Заңнамада саяси репрессия немесе саяси тұтқын болған, болмағанына қарамастан, 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстанда саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы заң қабылданды. Егер ел демократиялық бағытқа бет алған болса саяси тұтқындар болмауы тиіс, – деді Жовтис. 

 

Өз кезегінде Мұрат Әуезов Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырған оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайды босату керектігін айтты. 

 

– Жанболат Мамайдың отбасына оралуына, алаңдарға шығып, қазақтың сөзін, шындығын айтуға мүмкіндік туғызуға атсалысайық. Билік өзінің жіберген қателіктерін Жанболаттың мойнына арту арқылы әділетсіздік жасап отыр. Билік әлі күнге дейін Қаңтарда болған жағдайға әділ баға берген жоқ. Бұл жәй ғана әділ баға бермеу емес, бұл шындықтан әдейі дұрыс көрсетпеу... Қазір қаңтарды әділ бағалап, тергеп, зерттеу қажет. Әр нәрсені өз атымен атау керек. Бұл халықтың ерік-жігерінің бұлқынысы болды, – дейді Әуезов. 

 

Журналист Әсем Жәпішева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қателігін қайталамауға шақырды. 

 

– Қасым-Жомарт Кемелұлы сізге дейін елімізді отыз жыл бойы саяси бәсекелестіктен қорыққан Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Ол сөз бостандығын, саяси бәсекелестерін басып-жаншып, демократияны тұншықтырды. Оның неге алып келгенін қаңтарда көрдіңіздер. Саяси бәсекелестік болмаған жерде елдің әл-ауқаты ешқашан өспейті. Рейтингті қанша жерден қолдан жасаса да халық қаңтарды Назарбаевтың рейтингі қандай екенін көрсетті. Тарихта Назарбаев мәңгі қарабет болып қалды. Қасым-Жомарт Кемелұлы сіздің Назарбаевтың қателегін қайталамауға мүмкіндігіңіз бар. Саяси бәсекелестіктен, жастардан қорықпаңыз..., – деді Жәпішева. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев президент болған отыз жылда халықаралық ұйымдар мен батыс елдерінің бақылаушылары елде өткен бірде бір сайлауды әділ, заңды деп бағаламаған. Бірақ билік бұл бағалауға билік ешуақытта назар аудармаған. 

 

Жиын соңында комитет мүшелері арнайы мәлімдеме жасады. Онда Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған тіркелмеген Демокартиялық партия жетекшісі Жанболат Мамай, азаматтық белсенділер Фарид Ишмұхамбетов, Абылайхан Бекеев, Әзіз Жолатов, Ләззат Досмамбетова, Жанмұрат Әштаев, Қайрат Сұлтанбек, Айдар Байсағатов және т.б «саяси тұтқын» деп таныған. Қаңтар оқиғасының әділ тексеріліп, халыққа оқ атып, азаптаған адамдардың жазалануын талап еткен. 

Поделиться

Нет комментариев.

10/08/2022 15:40
29975 0

Уведомление